Маңғыстау облысында кісі өлтірген экс-прокурор 8 жылға сотталды

© Photo : Pixabay / 4711018Наручники
Наручники - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.05.2024
Жазылу
Бірінші сатыдағы сот айыпталушыны 1,5 жылға шартты мерзімге соттаған
АЛМАТЫ, 3 мамыр – Sputnik. Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметшіні ұрып өлтірген Мұнайлы аудандық прокурорының көмекшісі 8 жылға сотталды, деп хабарлайды облыстық сот.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы экс-прокурорға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады.
"Бірінші сатыдағы соттың үкіммен прокурормен өзгертілген айып бойынша ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігі негізінде кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған", - дейді ведомство.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы-прокурор айыптауды онша ауыр емес жазаға – ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бабына өзгерткен.
"Сот отырысының аудио-бейне жазбасында соттың айыптауды өзгертуге қатысты жәбірленушінің ұстанымын түсіндірмеген. Сот жарыссөзі барысында жәбірленуші ұсынылып отырған жазаға қатысты прокурормен келіспеген. Сонымен қатар прокурор заң талабына сай айыптың жаңа уәжді тұжырымын жазбаша түрде ұсынбаған", - дейді облыстық сот.
Сонымен экс-прокурорды шартты түрде соттаған бірінші сатыдағы соттың үкімі жойылды.
"Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен бірінші сатыдағы соттың үкімінің күші жойылып, жаңадан айыптау үкімі шығарылды. Айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 3-бөлігі "Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша кінәлі деп танылды. Оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - дейді сот.
Айта кетейік, былтыр желтоқсанда Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасары Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасарымен жанжалдасып, оны ұрып өлтірген. Мемлекеттік қызметкер алған жарақатынан қайтыс болды.
26 сәуірде күдікті экс-прокурорға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімі шықты. Қылмыстық іс Ақтау қалалық сотында қаралып, адам өлтірген экс-прокурор бір жарым жылға шартты түрде сотталған. Қылмыскерге жазаның әділ болмағанын айтып, марқұмның досы Айдын Қазыбек есімді азамат әлеуметтік желіде жазба таратты.
Жаңалықтар
0